«Көлсай көлдері»  мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туралы  қысқаша мәлімет

 

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі – табиғи кешендерді қорғау және қалпына келтіру, экологиялық – ағартушылық, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған  Ерекше Қорғалатын Табиғи Аумақ.

Ұлттық парк Қазақстан Республикасы Үкіметінің 7 ақпан 2007 жылғы № 88 қаулысына сәйкес құрылған.

Ұлттық парк аумағы теңіз деңгейінен 1800-3500 метрдей биіктікте орналасқан, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне бай. Сонымен  қатар сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлері кездеседі. Табиғи ортаның жабайы күйі, адамдардың қол тимеген жекелеген бөліктері де сақталған. Көне мәдениеттік мұраның орындары да бар.

Ұлттық парктің жері - табиғи  ауа райы жағдайынан таулық ландшафт тобына жатады. Әкімшілік  қатынаста ұлттық парк аумағы Алматы облысының  бұрынғы Райымбек (қазіргі Кеген) ауданының  батыс бөлігі және Талғар ауданының шығыс аумағын қамтиды.

 

Ұлттық парктің негізгі жұмыс бағыты

  • Мемлекеттік табиғи – қорық қорын қорғау;
  • Ғылыми – зерттеулер мен бақылау, табиғат жылнамасын жүргізу;
  • Табиғат құбылыстары және табиғат кешендерінің жағдайына мониторинг жүргізу;
  • Экологиялық ағарту жұмыстары;
  • Экологиялық экскурссиялық және танымдық туризм;

 

Мекеменің негізгі міндеттері

 

Мемлекеттік табиғи – қорық қорын, биологиялық сан алуандықты, ерекше экологиялық, рекреациялық және ғылыми құндылығы бар бірегей табиғи және тарихи – мәдени кешендер мен обьектілерді сақтау.

  • Ғылыми зерттеулер мен бақылауды ұйымдастыру және жүргізу;
  • Экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу;
  • Реттелмелі экологиялық туризмді ұйымдастыру және жүргізу;

 

                                                               Флора

 

Күнгей Алатауда өсімдіктердің 704 түрі 69 тұқымдастан кездеседі, өсімдік түрлерінің көптігінен Солтүстік Тянь – Шянь тауларының ішінде ортаңғы орында.Мұндай шешім жоғары белдеудегі Солтүстік Тянь- Шянь тауларымен  Күнгей Алатауды салыстырмалы түрде қарағанда Күнгей  Алатауда - 548 түрі, Іле – Алатауында-634 түрі, Кетмен жотасында – 443 түрлері анықталған. ЕҚТА аумағында өсетін өсімдіктер түрі топтарға жататын жеке түрде өсетін өсімдіктер. Бүкіл жер шарына тараған өсімдіктер түрлері бар мәселен, космополиттер – австралиялық қамыс, пузырцин ломин, арктикалық голорантические альпа василисингі, дөңгелек жапырақты алмұрт шөп және полеарктикалық қазтамақ.Сонымен қатар, тек Орта Азия аудандарында, бірнеше немесе бір ғана тау жүйесінде кездесетін өсімдіктер, яғни, әртүрлі сатыдағы эндемиктер өседі. Аумақта кең тараған Шренка шыршасы (Picea schrenkiana),  аршалар (Juniperus pseudosabina). Ұлттық парктің аумағында 40 түрлі жабайы жеміс – жидектің жеуге жарамдысы өседі. Олар:шетен, барбарис, таңқурай, қой қарақат, итмұрын, шырғанақ, қой бүлдірген, рауғаш, жабайы пияз, сарымсақ т.б, емдік қасиеті бар өсімдіктер: жұпаргүл, уқорғасын (аконит), томар дәрі, қалақай, мың тамыр, пижма, кипрей, жалбыз, өгей шөп, қылқан жапырақ, пион, түйе бұршақ, көкбас, мия, бақпақ және т.б.

 

Фауна

 

Көлсай көлдері МҰТП РММ жерінде 226 – ға жуық жануарлар түрі кездеседі.Қазақстандағы жануарлардың біздің ұлттық парк аймағының жануарлары 21% құрайды. Осы аталған жан – жануарлардың Қазақстан Республикасындағы Қызыл кітабына енген сүтқоректілердің 6 түрі, құстардың 13-түрі бар. ҚР Қызыл кітабына енген жануарлар түрлерінің 17% МҰТП  аумағында кездеседі. Сүтқоректілердің 29 түрі, жәндіктердің 15%, қанаттылар 6%, жыртқыштар 3%, кеміргіштер 3%, аша тұяқтылар 3%. Омыртқалы жануарлардың ең көп санын құрайтын құстар әлемі. Орманда мекен ететін 197 түрі бар. Оның ішінде орманда мекендейтін 82 түрі кездеседі. Омыртқасыздардың 3 түрі, қосмекенділердің 3 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 2 түрі бар. Жәндіктердің 735 түрі бар.

 

Табиғи кешендерді қорғау қалпына келтіру бөлімі

Табиғи кешендерді қорғау қалпына келтіру бөлімі - өзінің құзіреті мәселері бойынша заңнамамен белгіленген тәртіппен, оның күзет аймағының аумағында мекемеге қарасты ерекше қорғалатын аумақта заң бұзушылықты болдырмауға, табиғи ресурстарды, су, жер, орман, аң, құс, қоршаған ортаға зиян келтіретін заң бұзушылықтар мен әрекеттерден қорғауға,  жыл сайынғы аң, құстардың қоныс аударуымен олардың статистикалық өсімін бақылап санақ жүргізумен қатар мекемедегі бөлім жұмыстарын ұйымдастыру мен қадағалауға міндетті.

Табиғи кешендерді қорғау қалпына келтіру бөлімі директорға және директор орынбасарына тікелей бағынышты.

Табиғи кешендерді қорғау қалпына келтіру бөлімі - мекеме бойынша  өзіне бекітіліп берілген мүлікке, материалдық құндылықтарға және өз міндеті болып табылатын табиғи рессурстар мен жануарлар дүниесіне толық жауап береді.

Табиғи кешендерді қорғау мен қалпына келтіру бөлімінің міндеттері:

  1. ҚР Үкіметінің жануарлар дүниесін қорғау және молайту туралы қаулыларын, шешімдерін, Орман және аң, балық шаруашылығы туралы үәкілетті органнан шығарған бұйрықтарын, қаулыларын, өкімдерін және басқада басшылыққа алынатын құжаттарды, жергілікті атқарушы органдардың шешімдерін, қызыл кітапқа енген биологиялық, экологиялық, аңшылық түрге жататын жануарларды, аңшылық шаруашылығының экономикасымен ұйымдастырылуын, аң аулау мерзімі мен тәсілін, аңшылық және басқа да жануарлардың саны туралы нақты мәліметті, еңбекті қорғау мен техникалық қауіпсіздік ережесін, санитарлық өндірісті және өртке қарсы сақтану шараларын, азаматтық және еңбек заңдарының негізін бөлім мамандары білуге міндетті.
  2. Материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын тиімді пайдалану, өндірісте озық техникамен технологияны енгізу жөніндегі жоспарлы тапсырмалардың орындалуын қамтамассыз етеді.
  3. Парк аумағында ормандарды өрттен, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасының басқада бұзушылықтарын күзету, орманды зиянды жәндіктермен аурулардан қорғау жөніндегі жұмыстарға, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман өсіру, орман пайдалану және жабайы жануарларды қорғау жөніндегі жұмыстарға басшылық жасайды.
  4. Аралық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу және өзге де ағаш кесу тәртібімен сүректі босатуды, орман орналастыру жобасына және бекітілген жоспарларға сәйкес жүргізілуін ұйымдастырады.
  5. Парк кордондарының және парк күзетімен байланысты басқа да құрылыстар мен ғимараттардың ақаусыз күйде күтіп ұсталуына, сондай-ақ қару-жарақпен, оқ-дәріні сақтау және күтіп ұстау ережесінің сақталуына, инспекторлардың нысандық киімі мен таңбаларымен омырауға тағатын белгілермен, қызмет куәліктерімен және қарумен қамтамасыз етілуіне жауап береді.
  6. Паркке келіп түсетін табиғат заңнамасын бұзушылықтар туралы хаттамалардың жасалу дұрыстығын тексереді, сүректі заңсыз кесуден немесе оның бүлінуінен болған залалды айқындайды.
  7. Парк аумағындағы орман өрттерін сөндіруді ұйымдастырады.
  8. Орман орналастыру және жобалау іздестіру жұмыстарын және осы жұмыстардың сапасын бақылайды.
  9. Парк мемлекеттік күзету қызметкерлерінің орман шаруашылығы, орман дақылдарын өсіру, орманды қорғау, өртке және биотехникалық жұмыстарды жүргізу жөніндегі оқуын, сондай-ақ еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, еңбек заңдарын сақтау жөніндегі оқуы мен оларға нұсқама берілуін ұйымдастырады.
  10. Директордың тапсырмасы бойынша парк қызметінің мәселелері бойынша, сот органдарында мекеменің мүдделерін білдіреді.
  11. Қажетті құжаттарды жүргізу және даярлау кезінде ұқыптылық пен заңдылықты сақтау.
  12. Ұлттық парк аумағында тәртіптік, материалдық, қылмыстық жауапкершілікті, парк басшылығының өз құзырына қатысты шығарған бұйрықтарын, өкімдерін білу.

Табиғи кешендерді қорғау мен қалпына келтіру бөлімінің құқығы:

 

  1. Ерекше қорғалатын аумақта ҚР заңнамаларын бұзған құқық бұзушыны ұстауға және құқық қорғау органдарына жеткізуге құқылы.
  2. Құқық бұзушыдан айғақты заттарды алуға, келтірген залал орнын толтыру туралы жауапкершілікке тартуға, хаттама толтыруға, қылмыс(заң бұзушылық) құралы болып табылатын(автокөлік, қару-жарақ, айғақтар аң, құс еттері, балық, өсімдік дүниесі т.б.) барлығын құқық  бұзушыдан алуға.
  3. Парктің қорғау аумағында барлық автокөлік түрлерін тоқтатып, тексеру жүргізуге, заңсыз әрекеттері үшін шара қолдануға.
  4. Парк және қорғау аумағында барлық шаруашылық әрекеттермен қатар басқада заң бұзушылыққа алып келетін әрекеттерді тоқтатуға, ерекше қорғалатын аумақты келеңсіз әрекеттерге тиым салуға құқылы.
  5. ҚР барлық заңнамаларында көрсетілген жауапкершілікке тарту шараларын толық  пайдалануға, акт, хаттама,  түсінік алу, тиым салу, айғақты заттарды алу т.б.іс әрекеттерді заң шеңберінде жүзеге асыруға, жасаған заң бұзушылықтың ауырлығы мен жеңіл дәрежесіне қарай үәкілетті, құқық қорғау органдарына жинаған құжаттар мен айғақтарды жолдауға, бірлесіп жұмыс атқаруға құқылы.
  6. Парк және қорғау аумағында барлық шаруашылық әрекеттермен қатар басқада заң бұзушылыққа алып келетін әрекеттерді тоқтатуға, ерекше қорғалатын аумақта келеңсіз әрекеттерге тиым салуға құқылы.

 

 

Туризм

 

Көлсай көлдері ұлттық саябағында танымдық және экологиялық туризмді дамыту жағдайын қамтамасыз ету, экологиялық білімділік, жағажайлық серуендеу демалыстарын, балықшылық, табиғат және тарихи, археологиялық ескерткіштерге баруды ұйымдастыратын аймақ ұлттық парк аумағына келушілерге қызмет көрсетеді. Бұл аймақ жалпы ұлттық парк территориясының 13,5% құрайды. Ұлттық парк аумағындағы демалыс негізінен маусымдық кезеңге ие.Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі, талды, Саты сайлары тынығушылардың ең көп сұранысына ие жерлер.Мұнда әсіресе өз бетінше келіп тынығушылар көп.

Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында бес маршрут пен екі соқпақ  туристер мен демалушыларға қызмет көрсетеді. Негізінен бұл маршруттар «Саты ауылы – Қайынды көлі», «Саты ауылы – Саты асуы», «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы», «Күрметі ауылы – ортаңғы Көлсай көлі»,«Күрметі ауылы – Қыземшек  тауы», «Өрікті сайы – Мәжі көлі» экологиялық маршруттары деп аталады. Бұл маршруттардың бойларымен  жүріп өту барысында әлі де адам баласының қам - қарекеттерімен былғанбаған, тума табиғатты тамашалап, құстардың үнін естіп, жабайы аңдарды көруге болады.

Солтүстік Тянь – Шянь маржандары атанған Күнгей Алатау жотасында көрікті Көлсай көлдері орналасқан. Бұл көлдердің пайда болу тарихы шамамен 1887 жылы және 1911 жылдар аралығы. Көлдер тектоникалық жағдайлармен Қайыңды және Көлсай өзендерінің арналарында пайда болды. Көлсай өзенінің ағымында үш көл орналасқан: Жоғарғы Көлсай, Ортаңғы Көлсай, Төменгі Көлсай.

Жоғарғы Көлсай көлі теңіз деңгейінен 2650 метр жоғары орналасқан, ұзындығы- 580 метр, ені – 190 метр, көлдің аумағы – 180 мың шаршы метр, тереңдігі 24 метр.

Ортаңғы Көлсай теңіз деңгейінен 2280 метр жоғары орналасқан, ұзындығы – 1180 метр, орта ені – 298 метр, ең кең жерлері 800 метрге дейін барады. Көл қисық сопақша пішінді. Көлдің аумағы 343 мың шаршы метр, тереңдігі – 57 метр.

Төменгі Көлсай көлі теңіз деңгейінен 1800 метр жоғары орналасқан, Көлсай өзенінің сағасынан 8,5 км. Көл пішіні өзен ағымының бағыты бойынша созылып жатыр, ұзындығы – 1520 метр, орта ені – 222 метр, көлдің аумағы 33 мың шаршы метр, тереңдігі 75 метр.

Көрші сайда ертегіге ұқсас әдемі Қайыңды көлі бар, ол теңіз деңгейінен 867 метр жоғары орналасқан. Қайыңды көлі біршама жас, осыдан 100 жыл бұрын 1919 жылғы жер сілкінісінен пайда болған. Су тар сайды толтырып, шыршалы орманды басып кетті. Соның салдарынан Қайыңды көлінің бетіне шыршаның шығып тұрған діңгектері әлі сақталған, ол көлге өзінше бір сән беріп тұр. Аумақтық өсімдіктер жайлы биологиялық көптүрлілігімен ерекшеленеді, мұнда 704 түрлі өсімдіктер кездеседі. Эндемиктер тобына 29 түрлі өсімдіктер кіреді. Оның ішінде ҚР Қызыл кітабына енген 12 түрі кездеседі.Олар: күнгей жусаны, жалтыр жанаргүл және т.б.

 

Ғылым және мониторинг бөлімі

Ғылым және мониторинг бөлімінің мақсаттары мен міндеттері:

         Парк аймағының аумағында табиғи және антропогендік факторлардың әсерімен табиғи процестердің жай – күйі мен даму серпіні туралы ақпарат жинау және талдау;

   Табиғи аумақтық кешендердің жай – күйі мен өзгерістерін бағалау және олар туралы тұжырымдар дайындау;

   Жайсыз антропогенді факторларды жою немесе алдын алу, табиғи – аумақтық кешендері мен мемелекеттік табиғи қорық қоры объектілерін табиғи қалпында сақтау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;

   Парк аумағында ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізу : 

  Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану бойынша іс-шаралар әзірлейді;

  Өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің мемлекеттік есебін, кадастрын және мониторингін жүргізеді;

  Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізеді;

  Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қауымдастықтарының биологиялық әртүрлілігі мен тұтастығын сақтау бойынша  жұмыстар жүргізеді;

 Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің қырылуына, санының қысқаруына немесе мекендеу ортасының бұзылуына жол бермеу жөнінде ұсыныстар әзірлейді.